09 Ekim 2021 22:50
Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ. Жер көлемі - 520 мың гектар. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғи құрылымдар және байырғы тарих ескерткіштері орналасқан.
Шатқалдарында ежелгі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін көруге болады. Қапшағай мемлекеттік аңшылық шаруашылығы негізінде 1996 жылы құрылды. Бақ флораға бай, онда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1500 түрі, "Қызыл кітапқа" енген 22 түрі (мысалы, Мүсілім сылдыршөбі, Қопал таспашөбі, Іле бөріқарақаты, т.б.) бар. Бақ жануарлар әлеміне де бай. Омыртқасыздардың ішінде ең көп кездесетіні – өрмекшітәрізділер мен жәндіктер. Жәндіктердің 5000-нан аса түрі белгілі, оның 25 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мысалы, Галузо отынкескіш қоңызы, Сольский барылдауық қоңызы, дала сколиясы, жолақты тораңғы көбелегі, т.б.
Бақтың климаты қатаң континенттік, қысы суық, жазы ыстық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 330 мм-ден аспайды. Қаңтардың орташа температурасы – 8,6°С, шілденің орташа температурасы 26°С. Қар аз түседі, ол жабайы жануарлардың қыстап шығуына қолайлы жағдай туғызады.