08 Temmuz 2022 12:53
Президенттің төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтті. Жиынға Үкімет басшылығы, салалық министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор. Дегенмен, геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты.
Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды.
– Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.