Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Сұлтанов: "Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 15 есе артты"

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Түркияның еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін айтып: "Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 30 жылда 15 есеге артты."- деді.

08 Eylül 2021 15:59

Сұлтанов Қазақстан мен Түркияның сауда саласындағы қарым-қатынасын бағалады. Министр сауда секторының екі елдің қарым-қатынасы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

Сұлтанов келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарының құрылғанына 30 жыл толатынын айта келе, "Елдеріміздің сауда саласындағы қарым-қатынасы әрдайым оң дамуда,"- деді.

1990 жылдардың басында Қазақстан мен Түркияның сауда көлемі шамамен 200 миллион долларды құрағанын атап өткен Сұлтанов: "Тауар айналымы 30 жылда 15 есе артты. Қазіргі уақытта Түркия еліміздің 10 ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады," - деп жалғастырды.

"Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға артып, 1 миллиард 788 миллион долларды құрады," - деді Сұлтанов. "Коронавирус індетіне байланысты 2020 жылдың тауар айналымы 3,1 миллиард долларға дейін төмендеді. Аталған кезеңде Қазақстаннан Түркияға экспорт 11,9 пайызға төмендеп, 2,1 миллиард долларға дейін қысқарды, ал Түркиядан импорт 15 пайызға, яғни 939,6 миллион долларға дейін өсті," - деп жалғастырды министр.

Мақсатымыз - Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемін 10 млрд долларға дейін арттыру

Министрдің айтуынша, Қазақстаннан Түркияға экспортталатын өнімдердің 50 пайыздық үлесі мұнай болып табылады, екінші орында металл өнімдері (мыс, өңделмеген алюминий және мырыш), үшінші орында мақта талшығы, жасымық, бұршақ, зығыр сияқты ауылшаруашылық өнімдері. Ал Түркиядан импортталатын тауарлардың көбісінің киім болғанын атап өткен Сұлтанов, екінші орында фармацевтикалық керек-жарақтар, үшінші орында тоқылған кілемдер, еден жабындары, тұрмыстық техника, арнайы мақсаттағы машиналар және механикалық құрылғылар болғанын мәлімдеді.

Екі елдің экономикалық қарым-қатынастарын бағалаған Сұлтанов, қысқа мерзімді перспективада сауда көлемін 5 млрд долларға және ұзақ мерзімді перспективада 10 млрд долларға дейін арттыру екенін атап өтті. "Қазіргі уақытта өзара сауда жолындағы тарифтік емес және техникалық кедергілерді жою үшін қазақ-түрік жұмыс тобы құрылуда. Топтың алғашқы отырысы биыл өтеді деп болжап отырмыз."- деді Қазақстанның Сауда және интеграция министрі.

 

 

Жаңалықтар