16 Ekim 2021 02:01
Мемлекет басшысы терроризмнің, діни эксремизм мен есірткі саудасының күшейе бастаған сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп күресуге мән бере отырып, қауіпсіздік саласындағы ТМД елдері ынтымақтастығының тетіктерін жетілдіру мәселесін маңызды міндеттің бірі ретінде атады. Президент Ауғанстандағы қалыптасқан жағдайға байланысты аталған сын-қатерлердің басты мәселеге айналғанын жеткізді.
– Қазақстан БҰҰ-ның ұстанымын құптайды. Осы елдегі ауыр гуманитарлық жағдай халықаралық қауымдастықтың назарында болуға тиіс. Саяси ұстанымдарымызға немесе жеке мүддемізге қарамастан, Ауғанстан халқын бұл қиындықтармен бетпе-бет қалдырмауымыз керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың іс-қимылдарын жүйелеу мақсатында Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынды.
– Дағдарыстың ауыр кезеңін еңсергеннен кейін Ауғанстанға БҰҰ институттары тарапынан жүйелі түрде көмек қажет болады. Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық орталығын құру туралы біздің бастамамыз осы маңызды міндетті жүзеге асыруға септігін тигізеді. Аталған жоспарлардың іске асуына Достастық елдері көмектеседі деген үміттеміз, – деді Мемлекет басшысы.