Бағдад Әміреев Түркі кеңесіне мүше елдердің ортақ медиа-форумында сөз сөйледі

Түркі кеңесінің Бас хатшысы Әміреев "Терең тарих, мықты болашақ" атты медиа-форумның ашылуында сөз сөйледі.

22 Ekim 2021 16:33

"Терең тарих, мықты болашақ" атты медиа-форумды Түркияның президенттік байланыс басқармасы ұйымдастырды.

Форумның ашылуында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев кіріспе сөзін сөйледі.

Алдымен Әміреев түркітілдес елдерді Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Түркияның түркі елдердің тәуелсіздігін бірінші болып мойындағанын еске салған Әміреев, 12 қарашада Ыстанбұлда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитінің қарсаңында ұйымдастырылған медиа-форумның маңыздылығына аса назар аударды.

Бас хатшы түркі әлемінің ғасырлар бойы саяси, географиялық, идеологиялық және мәдени жағынан маңызды орынға ие болғанын айта келе: "Түркі әлемі тарихта тұңғыш рет біртұтас саясат, география, мүдделер, мақсаттар және білім саласында бірге жұмыс істейтін орталыққа айналды," - деп жалғастарды.

Сонымен қатар Әміреев Түркі кеңесінің түркі әлемінің ортақ ұйымына, бірлескен ынтымақтастық тетігіне, түркі халықтарының ортақ дауысы мен тұғырнамасына айналғанына тоқталды.

"Түркі кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымымен (БҰҰ), сондай-ақ халықаралық ұйымдармен жақсы қарым-қатынаста. Біз алдағы кезеңде осы сындарлы және оң көзқарасты сақтап, аймақтық және жаһандық деңгейде ықпалды орталық болуды жалғастырамыз," - деді Бас хатшы.

Қазіргі таңда әлемнің бірыңғай ақпараттық және коммуникациялық кеңістікке айналғанын айтқан Әміреев, "Түркі кеңесі алдағы уақытта кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы БАҚ және ақпарат саласындағы ынтымақтастыққа ықпал ететін іс-шараларды жалғастырады,"- деп түйіндеді.

Жаңалықтар