Бурсада Түркі әлемінің халық әндері шырқалды

Түркияның Бурса қаласында түрік-өзбек халық әндерінің концерті өткізілді. "Хиуа-Бурса Түркі әлемінің мәдени орталықтары" бірлескен концертінде бірқатар елден келген музыканттар өнер көрсетті.

24 Ekim 2021 02:15

"Түркі әлемінің мәдени астанасы 2022" ретінде таңдалған Бурса қаласында түркітілдес халықтардың музыкасы шырқалды.

Концертке Бурса қаласының муниципалдық оркестрінің Түрік Халық музыкасы ансамблі, Ташкент Мемлекеттік филармониясының би және музыка ансамблі, сондай-ақ Қазақстаннан келген музыканттар қатысты.

Мәдени шараға Бурса қаласының әкімі Алинур Ақташ, ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының өкілі Санжар Мулазимоғлу, Өзбекстан Мәдениет министрлігінің өкілі Камроз Деханов, Ташкент облысының мәдениет жөніндегі директоры Ахрор Мирзаев, Бурса облысының мәдениет және туризм жөніндегі директоры Камиль Озер, құрметті қонақтар, Бурса қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Концерттің бірінші бөлімінде Бурса қалалық муниципалитетінің Түрік Халық музыкасы ансамблі өз туындыларын ұсынды және солист Нилуфер Гөл өнер көрсетті.

Екінші бөлімнің алдында Қазақстанның дарынды жас әншісі Лара Рысбай еліміздің туымен ән шырқады.

Екінші бөлімде Ташкент Мемлекеттік филармониясының би және музыка ансамблінің концерті өтті. Өзбекстаннан келген топ өзбек тілінде ән айтып, би билеп, көпшіліктің көңіл-күйін көтерді. Содан кейін түрік әндері мен билері ұсынылды.

Түрік-өзбек достығының символы ретінде ұйымдастырылған концерт қонақтардың көңілінен шықты.

Жаңалықтар