38

Хиуа қаласында ТҮРКІСОЙ Тұрақты кеңесінің 38-ші отырысы өтті

Өзбекстанның Хиуа қаласында ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымына мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесінің 38-ші отырысы өтті.

17 Eylül 2021 13:55

Өзбекстанның Хиуа қаласында ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымына мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесінің 38-ші отырысы өтті.

Кеңеске Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев, ТүркПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дауешов, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары, Туризм және спорт министрі Азиз Абдухакимов, Өзбекстанның Мәдениет министрі Азадбек Назарбеков, Әзірбайжанның Мәдениет министрі Анар Каримов, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, Спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев, Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийярто қатысты. Ал ТҮРКІСОЙ Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов онлайн форматта қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой түркі-ислам өркениетінің бесігі - Хиуа қаласында өткен ауқымды іс-шараға қатысуға қуанышты екенін атап өтті.

Өзбекстанның ТҮРКІСОЙ-ға толық мүшелігі талқыланды

Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Азиз Абдухакимов Хиуада өтіп жатқан мәдени іс-шараның өте маңызды екенін атап өтіп: "Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев осы шараға ерекше назар аударып, кездесуді жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің тарихи Хиуа қаласында қабылдау - өзбек халқы үшін үлкен құрмет,"- деді.

Сонымен қатар Абдухакимов, ТҮРКІСОЙ-дың түркітілдес халықтар арасындағы бауырластық қатынастарды нығайтуға және әлемде түрік мәдениетін насихаттауға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалайтынын айтып, Өзбекстанның да ТҮРКІСОЙ-мен тығыз ынтымақтастық орнатқысы келетіндігін білдірді. Қазіргі уақытта Өзбекстанның ТҮРКІСОЙ-ға толық мүшелігі қарастырылуда. Алдағы күндері бұл мәселе шешіледі деп күтілуде.

Шуша қаласы-2023 жылдың "Түркі әлемінің мәдени астанасы" атағына үміткер

Отырыста сөз сөйлеген Әзірбайжанның Мәдениет министрі Анар Каримов Шуша қаласының 2023 жылы "Түркі әлемінің мәдени астанасы"  атағы үшін үміткер болатынын мәлімдеді.

2022 жылдың "Түркі әлемінің мәдени астанасы" Бурса таңдалды

Отырысқа қатысқан Бурса қаласының әкімі Алинур Акташ баяндамасын оқып, қаланың Түркі әлеміндегі маңызы туралы айтты.

Айта кетейік, Бурса 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді. 

Тұрақты кеңес бірнеше маңызды шешімдер қабылдады

Отырыс қорытындысы бойынша Тұрақты кеңес бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. 2022 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы Бурса қаласы (Түркия) деп аталды. 2022 жыл Әзірбайжан композиторы Фикрат Амиров пен қырғыз әртісі Тоқтоболот Абдумомуновты еске алу жылы, сондай-ақ түрік ғалымы және ақыны Сүлейман Челебидің қайтыс болуының 600 жылдығы деп жарияланды.

ТҮРКІСОЙ Тұрақты кеңесінің төрағалығы Өзбекстаннан Түркияға өтті. Осыған байланысты Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Азадбек Назарбеков нышанды Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсойға тапсырды.

Өз кезегінде Хиуа қаласының әкімі Тимур Давлетов Бурса қаласының әкімі Алинур Акташқа "Түркі әлемінің мәдени астанасының" символын табыс етті.

 

Жаңалықтар