Әлішер Науаи - Түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл, мемлекеттік қайраткер

Әкесі өлгеннен кейін 12 жасар Әлішер Науаиды Әбілқасым Бабыр өз тәрбиесіне алған.

27 Kasım 2021 00:27

Әлішер Науаи – түркі халқының ұлы ақыны, ойшылы, мемлекет қайраткері. 1441 ж. ақпан айының тоғызында Герат қаласында туған. Оның есімі 15 жасынан түркі және парсы тілдерінде бірдей жазатын ақын ретінде танылды. Гератта, Мешхедте, Самарқанда оқып, Фирдауси, Низами, Хорезми, Сайф Сараи, Жәми шығармашылығымен танысты. Мектептес досы Хұсайын Байқара Хорасанның әмірі болған кезде, оның мөр сақтаушысы (мұхрад) қызметін атқарды. 1472 ж. уәзір болып тағайындалды. Әлішер Науаи осы қызметтерде жүріп, ғалымдарға, суретшілерге, музыканттарға, ақындарға, хуснихатшыларға (каллиграфтарға) қамқорлық жасады. Өз қаржысына жолдар, көпірлер, каналдар, керуен сарайлар, мектептер, шеберханалар салдырды.

Әлішер Науаидың халық арасында абырой-беделінің артуын қызғанған басқа уәзірлер оны Байқарамен араздастырып, 1476 ж. уәзірліктен босатылуына себепші болды. Ол шығармашылық жұмыспен айналысып, түркі-шағатай тілінде «хәмсә» жырлар тобына енетін «Жақсылардың таңдануы» (1483), «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем» (1484), «Ескендір дуалы» (1485) атты шығармаларын жазды. 1488 – 1501 ж. ол тарихи-өмірбаяндық («Әджәм патшаларының тарихы», «Саид Хасан Ардашердің өмірі», Пәһлован Мұхаммедтің өмірі»), дидактикалық-философиялық («Құстар тілі», «Көңілдердің сүйгені»), әдеби-теориялық («Өлең өлшемі»), лингвистикалық («Екі тілдің таласы»), әлеуметтік-экономикалық («Вақфия»), діни-ғұрыптық («Пайғамбарлар мен хакімдердің тарихы», «Мұсылмандық нұры», «Гауһарлар шоғыры») туындыларын жазды.

Парсы тілінде 12 мың жол өлеңін «Диуан-фани» деген атпен дербес жинақ етіп құрастырды. «Бес қайрат» («Хәмсәт ул-мутахаирин») кітабын ұстазы Абдрахман Жәмиге (1414 – 92) арнады. 15 ғасырда өмір сүрген 400 шайырдың шығармашылығынан мәлімет беретін «Ғажайып мәжілістер» («Маджолис ун-нафоис») кітабын жазды. Ақын 1501 жылдың үшінші қаңтарында туған қаласында қайтыс болған.

Жаңалықтар