Мемлекет басшысы Алтыншы Каспий саммитіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдіре отырып, осы маңызды кездесудің офлайн өткізілуі дер кезінде және дұрыс болғанын айтты, деп хабарлайды Ақорда.

29 Haziran 2022 22:09

 – Ақтау тарихи саммитінен бері төрт жыл өтті. Осы уақыт ішінде әлем түбегейлі өзгерістерді бастан өткерді. Коронавирус пандемиясы, геосаяси шиеленістің күшеюі және басқа да сын-қатерлер Каспий аймағындағы тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күш жұмылдырудың аса маңызды екенін талап етіп отыр. Бұрын-соңды болмаған «жаһандық дауыл» жағдайында Каспий теңізінің геосаяси тұрғыдан орналасуына, бай табиғи ресурстарына, сондай-ақ оңтайлы транзиттік әлеуетіне байланысты оның маңызы арта түседі. Ақтау саммиті Каспий маңы мемлекеттерінің күрделі әрі түйткілді мәселелерді бейбіт жолмен, тату көршілік және достық рухында шеше алатынын бүкіл әлемдік қоғамдастыққа танытты. Көп жылғы келіссөздерден кейін бесжақты ықпалдастықты кешенді түрде нығайтудың берік құқықтық негізін қалыптастырған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаны – соның айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі логистикалық желілердің үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының және нығаюының маңызды факторына айналады деп санайды. Оның пікірінше, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артты.

– Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттағы қазақстандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артты. Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Біз ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділендірілген тарифтерді уақытылы бекітуге, түйткілді мәселелерді реттеуге қатысты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Оның айтуынша, Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты трансшекаралық суқоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты.

Мемлекет басшысы саммитке қатысушылардың назарын Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күресудің маңызды екеніне аударды. Бұл ретте, Президент биоресурстарды заңсыз аулау, балық өнімдерін тасымалдау, бекіре тұқымдастарды заңсыз сатып алу немесе сату фактілерін атап өтті.

– Каспий қойнауын және оның маңындағы аудандарды игеру кезінде техногенді апаттар мен табиғи катаклизмдердің үлкен қаупі барын ескерген жөн. Сондықтан апат салдарының алдын алудың және оларды жоюдың аймақтық механизмін, төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету жүйесін дамыту маңызды, – деді Президент.

– Каспий бойынша ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты тереңдетуге қатысты бүгінгі айтылған бастамалар сапалы әрі уақытылы орындалатынына сенімдімін. Қазақстан баршамызға ортақ және ата-бабаларымыздан мирас болып қалған берекелі қарт Каспийдің қашанда достықтың, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың теңізі болып қалуына мүдделі. Халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің гүлденуі және ілгерілеуі үшін өзара ерік-жігер таныта отырып, баршамыз осы ізгі мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Алтыншы Каспий саммитінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Ресей Президенті Владимир Путин сөз сөйледі.

Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары коммюнике қабылдады.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

Жаңалықтар