Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев Түркия халқын "Республика күнімен" құттықтады

Әміреев Түркияның мемлекеттік мерекесі 29 қазан - Республика күніне арнайы құттықтау жеделхатын жіберді.

29 Ekim 2021 00:50

Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев Түркия халқы мен үкіметін Түркия Республикасының құрылғанына 98 жыл толуымен құттықтады.

Бас хатшы түрік халқының тарихындағы даңқты кезеңді атап өтіп, жеңіспен аяқталған ұлт-азаттық күрес әлі де көптеген халықтарды шабыттандыратынын айтты.

"Жақында өзінің 100 жылдығын атап өтетін Түркия Республикасы парасатты және бейбітшіл сыртқы саясаттың, заманауи реформаларға негізделген экономикалық, саяси және әлеуметтік дамудың арқасында халықаралық саяси аренада лайықты орынға ие болды", - делінген құттықтау жеделхатында.

Сонымен қатар Әміреев Түркияға Түркі кеңесін құруға қолдау көрсеткені, түркі әлемінің бірлігі мен келісімін қолдағаны, сондай-ақ осы саладағы елеулі іс-қимылдарды жүзеге асырғаны үшін алғыс айтып:

- Қараша айында Ыстанбұлда өтетін 8-ші саммит ұйымымыз үшін тарихи бетбұрыс болады. Саммиттен кейін Түркі кеңесіндегі кезекті төрағалық Әзірбайжаннан Түркияға өтеді, - деп жалғастырды Әміреев.

Бас хатшы Түркияның төрағалығы барысында Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы байланыстардың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Әміреев жеделхатында Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік пен оның замандастарын еске алып, Түркия Республикасының Үкіметі мен бауырлас түрік халқын құттықтады.

 

Жаңалықтар