Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметаралық комиссиялардың қызметін жандандыруда

Қырғызстан мен Тәжікстан ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялар мен шекара комиссияларының қызметін жандандыруды жоспарлап отыр.

22 Temmuz 2022 14:58

Қырғызстан президентінің баспасөз орталығы таратқан мәлімдемеде елдің мемлекет басшысы Садыр Жапаров Чолпон-Атада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының төртінші консультативтік кездесуінен кейін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездескенін хабарлады.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібі талқыланған кездесуде Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялар мен шекара комиссияларының қызметін жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Мемлекеттер басшылары екі ел мен халықтар арасындағы тату көршілік қатынастарды нығайту мақсатында тұрақты саяси диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Президенттердің құрметіне арналған концерт

Сонымен қатар Чолпон-атада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің құрметіне концерттік бағдарлама өтті.

Қырғызстанның Президенті С.Жапаров өз сөзінде Орталық Азия елдерінің халықтары ежелден бейбітшілік пен келісімде қатар өмір сүріп келе жатқанын атап өтті.

Консультативтік кеңес отырысының Орталық Азия елдерінің бірлігін көрсеткенін атап өтіп Жапаров: "Ортақ тарихы, мәдени ұқсастығы және рухани құндылықтары бар елдерімізді жарқын және гүлденген болашақ күтуде. Біз халықтарымыздың мүддесі үшін ынтымақтастықты тиімді дамытуды жалғастырамыз," - деді.

Концертте Орталық Азия елдерінен танымал музыкалық композициялар орындалды.

Жаңалықтар