15 Eylül 2021 18:08
Өзбекстанның Хиуа қаласындағы тарихи ішкі қамалда 500-ге жуық әртістердің қатысуымен "Түркі әлемінің мәдени астанасы Хиуа-2020" бағдарламасының салтанатты ашылуы өтті.
Хиуа ашық аспан астындағы концерт сахнасына айналды, іс-шараға қатысқан әртістер дәстүрлі музыка мен би қойылымдарын келгендерге ұсынды.
Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында ТҮРКІСОЙ тарапынан ұйымдастырылған "Түркі әлемінің мәдени астанасы" тақырыбында фотокөрме ашылды.
Көрмеде түркі географиясының көрнекті фотографтарының жұмыстары, сондай-ақ ТҮРКІСОЙ мәдени астанасының туы желбіреген қалалардың фото жиектемелері ұсынылды.
Іс-шара аясында Өзбекстанның дәстүрлі ою-нақыштарын бейнелейтін туындылардан тұратын сән көрсетілімі ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Өзбекстанның Вице-премьері және Туризм және спорт министрі Азиз Абдухакимов Хиуаны түркі әлемінің 2020 жылғы мәдени астанасы деп жариялағаны үшін ТҮРКІСОЙ ұйымына алғыс білдірді.
ТҮРКІСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы "Түркі әлемінің мәдени астанасы" атты бағдарламаның арқасында түркі географиясында үлкен ынта туындағанын атап өтті.
ЮНЕСКО-ның Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі бас директорының орынбасары Габриэла Рамос тарихи Хиуа қаласына келгеніне қуанышты болғанын білдірді.
Іс-шараға қатысқан әртістер Өзбекстанның түрлі музыкалық және би қойылымдарын ұсынды, сондай-ақ Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан және Мажарстан елдерінің мәдениетіне тиесілі өнер көрсетті.
Аталған бағдарламаға Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, Спорт және жастар министрі Қайрат Иманалиев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Шетелдік түркі мен туыс қауымдары ұйымының вице-президенті Сайит Юсуф , ТРТ Аваз телеарнасының директоры Седат Сағыркая және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ көптеген қонақтар қатысты.